Қазақстанда «Дайвинчик танысу» Telegram-арнасына тыйым салу туралы шешім қабылданды. Бұл ақпаратты Алматы қалалық соттарының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұған дейін Алматы прокуратурасы бұл Telegram-арнаның жас шектеуінсіз жұмыс істеп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін анықтаған. Осыған байланысты прокуратура сотқа аталған ресурстың жұмысын заңсыз деп тану және оның Қазақстан Республикасы аумағындағы қызметіне тыйым салу туралы талап қойған.
Бүгін ірі Telegram-арна Baza Қазақстанда бұл арнаға тыйым салынғанын хабарлады. Жарияланымда Алматы қаласының Алатау аудандық соты бұл сервисті жасөспірімдерге қауіпті деп тауып, пайдаланушылардың жасын ешқандай тексермейтінін атап өткен. Бұл ботқа тыйым салудың басты дәлелі болған.
NUR.KZ тілшісі Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне арнаға тыйым салу туралы ақпаратқа түсініктеме сұрап, ресми сауал жолдаған. Баспасөз қызметі істің Алатау аудандық сотында қаралғанын және сот шешімі заңды күшіне енгенін айтып, ақпаратты растаған.


