Қазақстандық жеңіл атлеттер жанкүйерлерді қуантуды жалғастыруда: Ташкентте өтіп жатқан Орталық Азия чемпионатында олар тағы екі алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Жарыстың алғашқы күні Өзбекстан астанасында Алина Чистякова ұзындыққа секіруде 6,10 метр нәтижемен үздік шығып, ең жоғарғы сатыға көтерілді. Бұл пәнде тағы бір қазақстандық Анастасия Рыпакова (6,09) күміс алды. Ол Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың қызы. Үштікті Сингапурдан келген Розарио Тиа Луиза (5,95) түйіндеді.
Қазақстандық жүгіруші Юлия Башманова 100 метрге кедергілермен жүгіруде 13,75 секунд көрсетіп, жеңіске жетті. Қоланы оның отандасы Антонина Чернышова (14,58) алса, күміс өзбекстандық Лидия Подсепикинаға (13,84) бұйырды.
Тағы бір медальді Қазақстан құрамасының қоржынына Акбилек Куралбай салды. Ол 3000 метрге кедергілермен жүгіруде (10 минут 51,59 секунд) қола жүлдегер атанды. Одан тек өзбекстандықтар Дилшода Усмонова (10:16,12) мен Садафбону Нусратиллоева (10:39,10) озып кетті.
Осылайша, ашық Орталық Азия чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы үш алтынды қоса есептегенде жеті медаль жеңіп алды. Бұған дейін найза лақтырушы Ұлболсын Есіркеп ең жоғарғы сатыға көтерілген еді.


