Өзбекстанда 2026 жылғы Орталық Азия жеңіл атлетика чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы он алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz.

Жарыстың соңғы күні қазақстандықтар қоржынға тағы үш алтын салды. Зелимхан Насыров үш қарғыма секіруде үздік нәтиже көрсетті — 16,11 метр. Бұл сында екінші орынды өзбекстандық Ихтиёр Ахмаджанов (15,39), үшінші орынды сингапурлық Ли Цзин Йи Габриэль (15,19) иеленді.

Әйелдер арасындағы 4х100 метр эстафетада Дарья Гридасова, Маргарита Назаренко, Антонина Чернышова және Юлия Башмановадан құралған Қазақстан құрамасы жеңімпаз атанды (47,84 секунд). Екінші орынды түрікменстандықтар (48,38), үшінші орынды Сауд Арабиясының өкілдері (49,51) иеленді.

Қазақстандық Виктория Ан 200 метрге жүгіруде жеңіске жетті (24,05). Сондай-ақ үздік үштікке өзбекстандық Лайло Аллаберганова (24,25) және грузин Ани Мамацашвили (24,78) енді.

Орталық Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы барлығы 24 медаль жеңіп алды — он алтын, сегіз күміс және алты қола. Жалпы командалық есепте ол екінші орынға тұрақтап, тек Өзбекстаннан (22-20-19) ғана қалып қойды.