17 жастағы қазақстандық жеңіл атлет Улболсын Есіркеп Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан III Ашық Орталық Азия чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Найза лақтыру жарысында спортшы 38,85 метр нәтиже көрсетіп, үздік болды және алтын медальға ие болды. Екінші орынды өзбекстандық Анна Чикалова 35,08 метр нәтижемен иеленді, ал қоланы тағы бір өзбек спортшысы Зульфия Иброгимова жеңіп алды — ол снарядты 35,06 метрге лақтырды.
Есіркеп үшін бұл жеңіс биылғы маусымдағы алғашқысы болды. Бұған дейін қазақстандық спортшы Астанада өткен ел чемпионатында үздік үштікке енген еді.
Айта кетейік, Есіркеп қазақстандық құрамаға биылғы Орталық Азия чемпионатындағы алғашқы алтын медальді әкелді. Бұған дейін ұлттық команда қола жүлдеге де қол жеткізген болатын: қазақстандық Давид Ефремов 110 метрге кедергілермен жүгіруде 14,12 секунд нәтижемен үшінші орын алды.
III Ашық Орталық Азия чемпионаты Ташкентте 23-25 тамыз аралығында өтуде.


