Үндістанның Парадип портында мамыр айынан бері ұсталып тұрған MT UNITY мұнай танкері бес айдай ел аумағынан шыға алмай отыр. Кеме бортында Қазақстан азаматы бар. Ахуалға қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігі түсінік берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сыртқы саяси ведомствоның ресми өкілі Жанболат Усенов өзінің Telegram-арнасында растағандай, Парадип портында MT UNITY кемесі ұсталған, оның экипажы 23 теңізшіден тұрады. Олардың біреуі — Қазақстан Республикасының азаматы. Ұстауға кеме иесінің жергілікті отын жеткізушіге қарызы себеп болған.

«Қазақстандық дипломаттар азаматымызды елге қайтару үшін қажетті шараларды қолға алып жатыр. Ахуалды реттеуге жәрдем көрсету өтінішімен Индия СІМ-не тиісті дипломатиялық нота жолданды», — деп келтіреді Усеновтың сөзін NUR.KZ.

Сонымен қатар аталған Қазақстан азаматы мен оның отбасы мүшелері елдің дипломатиялық өкілдіктеріне көмек сұрап жүгінбегені атап өтілді. Дегенмен ахуал Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында кеме бортында Ресейдің 20 азаматы, сондай-ақ Қазақстан азаматы мен Мысырдың екі азаматы бар екені хабарланған. Калькуттадағы Ресей Бас консулдығы нақтылағандай, тұтқындалған мұнай танкері жөндеуді қажет етеді, сол себепті ол жүзуін жалғастыра алмайды.