Қазақстандық тасжолдар бойында жол бойы инфрақұрылымын жаңғырту жалғасуда. Қазіргі уақытта халықаралық және республикалық маңызы бар жолдарда 1 429 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді, оның 94%-ы ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді, деп хабарлайды infohub.kz.
2026 жылға қарай стандартқа сәйкес келетін нысандардың үлесін 95%-ға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, тасжолдарда қосымша жанармай құю станциялары, тамақтану пункттері және санитарлық-гигиеналық тораптар пайда болады.
Қазір жолдар бойында 170-тен астам модульдік дәретхана орнатылған. Тағы 900-ден астам тегін дәретхана демалыс аймақтары мен аялдама павильондарында жұмыс істейді, олар жүргізушілер мен жолаушыларға тәулік бойы қолжетімді.
Нысандарды күтіп ұстауға «ҚАЖсервис» ЖШС, жеке нысан иелері мен жалға алушылар жауапты. Ведомство санитарлық және техникалық жағдайдың күн сайын тексерілетінін атап өтті.
Республикалық және халықаралық тасжолдарда 67 электрқуаттау станциясы жұмыс істейді. Зарядтау инфрақұрылымы Қазақстанның көптеген өңірлерін қамтиды және оның желісі бизнес пен атқарушы органдармен бірлесіп кеңейтілуде.
Электрқуаттау станциялары желісінің дамуы электромобильдерді ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар өңіраралық қашықтыққа сапарларда да кеңінен қолдануға жағдай жасауы тиіс.


