Братиславада өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында (U20) қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Қазыбек Калмагамбетов алтын медаль жеңіп алды. Финалдық белдесуде ол беларусьтік Михаил Марковскийді 13:7 есебімен ұтты, деп хабарлайды infohub.kz.

Калмагамбетов финалға дейінгі жолда неміс Себастьян Вагнерді (9:0) сенімді түрде ұтты. Содан кейін төрешілердің шешімімен америкалық Эмрин Брайан Наттерді (1:1) жеңді. Ширек финалда қазақстандық мысырлық Мохамед Хасан Ахмед Мохамад Абдельрехимнен (4:1) басым түсті, ал жартылай финалда 7:5 есебімен венгр Петро Житовозды тізе бүктірді. Бұл — Қазақстан құрамасының турнирдегі алғашқы медалі, әрі тұп-тура алтын!

Команданың тағы бір мүшесі Марлан Бақаев (72 келіге дейін) қола үшін жұбаныш белдесулеріне өте алмады. Ерасыл Мұсан (55 келі) мен Максим Украинцев (97 келі) ерте кезеңдерде жеңіліп, медаль үшін күреске ілікпеді.

Алдыңғы күні Еркебұлан Анапия (77 келі) қола үшін белдесуде ирандық Әмір Махди Мохаммад Саеди Навеге 3:5 есебімен есе жіберді.

Халықаралық күрес федерациясының (UWW) эгидасымен Словакия астанасында басталған әлем біріншілігіне планетаның түкпір-түкпірінен 700-ге жуық жас спортшы қатысуда. Олар күрестің үш түрінен — грек-рим, еркін және әйелдер күресінен — 120 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Братиславада Қазақстан атынан 30 спортшы — 20 жігіт пен 10 қыз — өнер көрсетеді. Турнир 23 тамызда аяқталады.