Қазақстанда жойылмаған ақаулары бар жол жұмыстарын қабылдауға мүмкіндік берген нормалар алынып тасталды. Жөндеудің орнына мердігерге жұмыс құнын төмендету, ақшасының бір бөлігін ұстап қалу немесе кепілдік мерзімін ұзарту ұсынылатын еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бас көлік прокуратурасының мәліметінше, бұзушылықтар автомобиль жолдарының құрылысын, сапасын бақылауды және қабылдауды реттейтін құжаттарды тексеру барысында анықталды. Прокуратураның назарына Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы қолданған әдістеме ілікті.

«Жекелеген ақаулар анықталған кезде жол жабынының нормативтік сипаттамаларын қалпына келтірмей-ақ жұмысты қабылдауға жол берілді. Кемшіліктерді жоюдың орнына ақшалай қаражатты ұстап қалу, орындалған жұмыстардың құнын төмендету не кепілдік мерзімін ұзарту көзделген», — деп хабарлады прокуратурада.

Онда қаржылық санкциялар мердігерлерге анықталған кемшіліктерді жоймауға мүмкіндік беріп, жолдардың техникалық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етпейтіні атап өтілді.

Сонымен қатар әдістеме сәйкессіздіктер анықталғаннан кейін де жобалық шешімдерді қайта қарауға мүмкіндік берді. Прокуратурада бекітілген жобалық құжаттаманы заңда белгіленген тәртіппен ғана өзгертуге болатынын атап көрсетті.

Бас көлік прокуратурасының наразылығынан кейін Көлік министрлігінің бұйрығынан жойылмаған ақаулары бар жол жұмыстарын қабылдауға жол берген нормалар алынып тасталды.