Алматылық фирма ирандық әуекомпаниямен ынтымақтастығы үшін АҚШ Қаржы министрлігінің санкциялық тізіміне енді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

АҚШ Қаржы министрлігінің сайтында хабарланғандай, Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Иранның авиация секторын қолдайтын 36 ұйымға қарсы санкция енгізді. Соның ішінде ирандық Mahan Air әуекомпаниясымен ынтымақтасатын фирмаларға да шара қолданылды. Мәселен, санкциялық тізімге қазақстандық Tour Invest (Тур Инвест) компаниясы ілінді. Басылымда ол Mahan Air-дың бас сату агенті болғаны айтылған.

«Біз Иран режиміне қаржылық құтқару желілерін қамтамасыз ететіндерге ауыр зардап болатынын уәде еткен едік. Бүгін біз бұл уәдені орындап, Mahan Air-ды қолдауды жалғастырып отырған компанияларға санкция салдық. Бұл Иранның қалған әуекомпанияларымен бизнес жүргізетіндердің бәріне ескерту болсын, біз бүгін олардың барлығына санкция салдық: сіздер жаһандық қаржы жүйесінен ажырап қалу қаупіне ұшырайсыздар», — деп ескертті ведомствода.

Сонымен қатар OFAC қазақстандық туроператордың құқықтық мәртебесін нақтылады — «secondary sanctions risk» (қайталама санкция қаупі). Бұл тікелей тыйым салынбағанымен, компания жоғары қауіп аймағында екенін білдіреді.

uchet.kz порталының мәліметінше, «Tour Invest (Тур Инвест)» ЖШС Алматыда тіркелген. Басшысы — Зиае Бабак Али. «Ақ Жайық» басылымының жазуынша, компания 2014 жылы туроператор ретінде тіркелген. Бұл штаты бес адамнан аз шағын кәсіпорын.