Словакияда жастар арасындағы күрес бойынша әлем чемпионаты жалғасуда, ал кезекті жарыс күні Қазақстан құрамасына медаль әкелмеді. Төрт әйелдер салмақ дәрежесінде отандық спортшылар жұбаныш белдесулеріне де өте алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үлкен үміт 55 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Шодиена Дильмуратоваға артылған еді. Ширек финалда ол украиналық Каролина Поплавскаядан 0:6 есебімен ұтылып, оның жалғасу мүмкіндігі қарсыласының финалға шығуына байланысты болды. Алайда Поплавская бүгін шешуші белдесуге өте алмай, қола медаль үшін күреседі. Осылайша, Дильмуратова жұбаныш белдесулеріне қатысу құқығын алмады.
Турнирдің алғашқы кезеңдерінде Жайдар Мұқат (62 келіге дейін), Жангыл Бекен (65 келіге дейін) және Зейнеп Еламас (76 келіге дейін) жарыстан шығып қалды.
Братиславадағы Қазақстанның жалғыз медалі — грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта топ жарған Қызыбек Қалмағамбетовтің алтыны.
Халықаралық күрес федерациясының (UWW) қолдауымен өтіп жатқан әлем біріншілігіне Словакия астанасына әлемнің түкпір-түкпірінен 700 жас спортшы жиналды. Олар күрестің үш түрінен — грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 жүлде жиынтығын сарапқа салуда.
Братиславада Қазақстан атынан 30 спортшы — 20 жігіт және 10 қыз өнер көрсетуде.
Турнир 23 тамызда аяқталады.


