Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) және мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары жасанды интеллект көмегімен тағайындалатын болады. Жаңа жүйе мемлекеттік базалардағы деректер негізінде өтінімдерді автоматты түрде талдап, төлем алушыларды алдын ала анықтайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қорғау шараларының бірыңғай цифрлық платформасын енгізу туралы мәлімдеді. Бұл жүйе қолдау тағайындау және төлемдер бойынша шешім қабылдау процестерін біріктіреді.
«Бұрын азамат мемлекеттік органдарға жүгініп, растайтын құжаттар жинап, олардың тексерілуін күтуіне тура келетін. Енді бір ғана өтініш беру жеткілікті. Барлық қажетті мәліметтерді платформа мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Осыдан кейін шешім қалыптастырылып, төлем жүзеге асырылады. Осы жылдың маусым айынан бастап платформа елдің барлық 20 өңірінде өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді», – деп атап өтті министр.
Жүйе барлығы 13 түрлі қолдау шарасын тағайындай алады, оның ішінде мүгедектік бойынша жәрдемақылар, емдеуге, дәрі-дәрмекке, коммуналдық қызметтер мен телефонға ақы төлеуге, отын сатып алуға көмек және басқа да көмек түрлері бар.
Осы жылдың тамыз айынан бастап жүйе ЖИ көмегімен әкімдіктер тарапынан біржолғы мемлекеттік қолдау шараларын, мысалы, мерекелер мен ескерткіш күндерге төлемдерді тағайындауға көмектеседі. Жүйе ықтимал алушыларды анықтап, төлем тағайындау жобасын қалыптастырады. Төлем туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
Қыркүйек айында eGov Mobile арқылы өтінім беру мүмкіндігін қамтамасыз ету жоспарланса, қазан айында азаматтардың мұқтаждығын ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын атаулы тағайындау үшін жасанды интеллект енгізіледі.
Министр ЖИ-дің атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындау кезінде белсенді қолданылып жатқанын атап өтті.
«ЖИ өтініш берушінің тұрмыстық жағдайының фото- және бейнематериалдарын талдайды. Талдау негізінде адамның атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж екендігі туралы ұсыныстар қалыптастырылады. Бұл өңірлердегі учаскелік комиссиялардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, шешім қабылдаудағы субъективтілікті азайтуға мүмкіндік береді. Мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллект медициналық деректерді – анамнездер мен диагноздарды талдайды. Ол медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз қатысушысы ретінде шешім жобасын қалыптастырады», – деп атап өтті еңбек министрі.
Министр мемлекеттік көмекті автоматты түрде тағайындау кезінде жүйе алушыларды өзі анықтайтынын айтты. Ол мәліметтерді тексереді және аудандық, облыстық билікпен келістірмей-ақ төлемдерді тағайындайды.
Министр жүйе атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға 99 мың өтінімді және мүгедектік бойынша 151 мың өтінімді өңдегенін атап өтті. Шілде айынан бастап 12 мың жәрдемақы автоматты түрде тағайындалды.
Бұған дейін Алматыда әлеуметтік көмек көрсету ережелері қайта қаралып, төлемдердің бір бөлігі алынып тасталғаны, ал кейбір жәрдемақылар ұлғайтылғаны хабарланған болатын.


