Әлеуметтік желілерде қазақстандықтар танымал ресейлік екі стример — Fasoollka мен kae4ka-ның Қазақстан мен қазақ халқына қатысты қорлайтын сөздеріне наразылық білдіруде. Пайдаланушылар блогерлерді ұлтаралық алауыздықты қоздырды деп айыптап, оларды жауапқа тартуды талап етуде, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жуырда Threads әлеуметтік желісінде kae4ka есімді стримердің қазақтарға қатысты қорлайтын сөздер айтып, олардың орыс тілінде сөйлемейтініне менсінбей қараған видео тарады. «Орыс тілін түсінбейтін сасық қазақтар», — деді қыз.

Бұл жарияланым қазақстандықтар арасында наразылық толқынын тудырды: олар инфлюенсерді бойкоттауға, оның аккаунтына жаппай шағым жіберуге және оны ҚР ҚК-нің 174-бабы (әлеуметтік, ұлттық, этностық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру) бойынша жауапқа тартуға шақырады.

«Орыс халқының өкілі ретінде мен оған ұқсайтындар үшін өте ұяламын... Мен оны адам деп те атай алмаймын, мұндайлардың басында не болып жатқанын елестету қорқынышты», — деп жазды evalutioonn есімді қолданушы.

«Жігіттер, тек репорт жасап, ұлтаралық алауыздықты қоздырғаны үшін арыз жазу керек», — деп қосты hialeena авторы.

Басқа пайдаланушылар бұл жазба бес жылдан астам уақыт бұрын жасалғанын атап өтті. Сол кезде стример жасөспірім болған және олардың айтуынша, ауыр эмоционалдық күйде болған.

«Қандай ақымақтық. Бес жыл бұрын болған жағдайды қозғау, ол үшін, айтпақшы, Кая өз стримдерінде бірнеше рет кешірім сұрады», — деп түсіндірді lirika1003 қолданушысы.

Сонымен қатар, блогердің сөздерін жүрекке жақын қабылдамауға және оларға байыппен қарамауға шақырғандар да табылды.

Тағы бір стример Fasoollka елге келгенде Алматы орталығында киіз үйлер мен ат үстіндегі адамдарды көремін деп күткенін мойындады. Сондай-ақ блогер Қазақстан мен Пәкістан арасындағы айырмашылықты көрмейтінін айтып, елді «Штрафстан» деп атаған.

«Ал, штрафстанец, темекі шегеміз бе?», «Павлодар — бұл Қазақстан ба? Жоқ, Павлодар біздікі (ресейлік. — ред.). Ол біздікі болып естіледі, ол қазақстандық бола алмайды. Неге Павлостан емес?», «Алматыға бір Starbucks жетеді шығар?», «Айтшы, сендерде қыз неше жастан неликвид болады? 13-тен бастап па?» — деді ол.

Қазақстандықтар посттардың астында қызға қатысты шара қолдануды да талап етуде. Кейбір пайдаланушылар ол бірнеше қылмыстық бапты бұзды деп есептесе, басқалары тіпті президент атына арыз жазамыз деп қорқытады.

«Неге оны әлі депортациялап, 15 тәулікке отырғызбады?» — деп сұрайды gogocame авторы.

«@polisiakz, @akordapress, @almaty_police_department, @kuis_kz, ал сендер неге өз азаматтарыңды қорғамайсыңдар? Қандай да бір стример Қазақстанға келіп, осылай теріс пікір білдіріп жатыр», — деп moncherriie_ қолданушысы жауапқа шақырады.

«Курсив» болып жатқан оқиғаға қатысты түсініктеме алу үшін ҚР ІІМ-не жүгінді.