Қазақстан әйелдер баскетбол құрамасы Жапонияда өтіп жатқан XX Жазғы Азия ойындарындағы алғашқы ойынында Филиппин командасынан 58:86 (9:25, 23:24, 8:27, 18:10) есебімен ірі жеңіліс тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ресми түрде әлі ашылмаған Азиадада бейсенбі күні қазақстандық делегация үшін сәтті басталды: волейболшы қыздар филиппиндіктерді 3:1 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Алайда баскетболда Филиппин айтарлықтай реванш алды.

Біздің команда есепте бар болғаны екі рет алда болды. Ойын басында Дарья Королеваның лақтыруы нысанаға дөп тиді — 2:0. Филиппиндіктер де дәл солай жауап қайтарды. Содан кейін Анна Безгодова екі айып добының біреуін орындады — 3:2.

4:3 есебімен алға шыққан қарсыластар осы сәттен бастап айырмашылықты үнемі ұлғайтып, бірінші тоқсанды 25:9 есебімен жеңіп алды. Үлкен үзіліске қарай біздің қыздар 17 ұпайға ұтылып қалды — 32:49. Ал соңғы кезең алдында артта қалу 36 ұпайға жетті — 40:76. Соңғы тоқсанды қазақстандықтар 18:10 есебімен жеңді. Нәтижесінде 28 ұпайға артта қалды — 58:86.

20 қыркүйекте Борис Фаткулин шәкірттері Азиада қожайындарымен, 22-сінде Гонконгпен ойнайды. Плей-оффқа үш топтың әрқайсысынан екі үздік команда шығады. Сонымен қатар үшінші орын алған үш құраманың екеуі де жолдама алады.

А тобында Қытай, Индонезия және Таиланд ойнайды. С тобының төрттігін Оңтүстік Корея, Қытай Тайбэйі, Моңғолия және Малайзия құрайды.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ-2026. Баскетбол. Әйелдер. А тобы: Индонезия — Таиланд 61:52. В тобы: Филиппин — Қазақстан 86:58.

Азиада тарихында әйелдер баскетболында алтынды тек үш ел — Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония жеңіп алған. Қазақстан құрамасы төрт рет бесінші орынға тұрақтаған (1994, 1998, 2014, 2018). Өткен Азия ойындарында біздің қыздар 12-орын алды. Ал жеңімпаз қытайлықтар болды.

Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары ресми түрде 19 қыркүйекте ашылады. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль комплектісі сарапқа салынады. Оның 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында және 39-ы аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді.

Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының құрамында 559 спортшы өнер көрсетеді. Ерлер баскетбол командасы үш ойында жеңіліп, Жапониядағы өнерін аяқтады.