Жапония қабылдап отырған ХХ Азия ойындарында Қазақстанның ерлер құрамасы қазіргі бессайыстан тұғырға көтерілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жексенбі күні осы спорт түрінен финал өтті. Үш үздік жеке нәтиженің қосындысы есептелетін командалық сында қазақстандық құрама 4647 ұпай жинап, үшінші орынға тұрақтады. Қола жүлдегерлер Темирлан Абдраимов, Лев Чувашов және Тихон Варёхин атанды. Бұл — қазақстандық бессайысшылардың Азия ойындарындағы 16 жылдан кейінгі алғашқы медалі.
Командалық турнирде Оңтүстік Корея құрамасы жеңіске жетті (4779 ұпай). Күмісті қытайлықтар еншіледі (4768).
Жеке сында қытайлық Лючан Ли үздік шықты (1598). Екінші және үшінші орындарды оңтүстіккореялықтар Джун Вун Тэ (1595) мен Ли Джон Хьён (1593) бөлісті.
Жеке турнирде қазақстандықтардың ішіндегі ең үздігі Абдраимов болды, ол жетінші нәтиже көрсетті (1564). Варёхин тоғызыншы (1554), Чувашов 13-ші (1529), Кирилл Стадник 18-ші (1138) орындарға тұрақтады.
Азиада-2026 бағдарламасындағы қазіргі бессайыс қылыш сайысын, жүзуді, кедергілер жолағын және лазерлік атумен жүгіруді (лазер-ран) қамтиды.


