Қазақстанның дзюдо құрамасы Бакуде өткен 2026 жылғы әлем чемпионатының жеке бағдарламасындағы өнерін бір күміс медальмен аяқтады. Жеке сайыстың соңғы күнінде қазақстандық спортшылар Камила Берлікаш пен Ақерке Рамазанова 78 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі алғашқы белдесулерде ұтылып қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Берлікаш бірінші кездесуде бельгиялық Габриэль Бувьеге жол берсе, Рамазанова мысырлық Сафа Солиманға есе жіберді.
Осылайша, Қазақстанның әлем чемпионатының жеке бағдарламасындағы өнері аяқталды. Құраманың жалғыз медалін 60 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанған Шерзод Давлатов әкелді. Финалда ол әзірбайжандық Ахмад Юсифовке ұтылды. Абылайхан Жұбаназар 81 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесуге жетті, бірақ Омар Раджаблиге жол беріп, бесінші орынға тұрақтады.
Медаль саны бойынша құраманың нәтижесі былтырғы Будапешттегі әлем чемпионатымен тұспа-тұс келді. 2025 жылы да Қазақстан бір күміс алған еді – оны 48 келіге дейінгі салмақта Абиба Абужакынова әкелген болатын.
Ертең, 11 қазанда, Бакуде әлем чемпионатының қорытынды бөлігі – аралас командалар турнирі өтеді. Оған 18 құрама, оның ішінде Қазақстан да өтінім берді. Қазақстандық команда құрамында 11 дзюдошы – бес ер және алты әйел көрсетілген.
Дзюдодан әлем чемпионаты Бакуде (Әзірбайжан) 4-11 қазан аралығында 93 елден келген 622 спортшының қатысуымен өтіп жатыр. Қазақстан құрамасының намысын 15 спортшы қорғауда.


