Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарында қазақстандық спортшылар 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкадан ату жарысының финалына өте алмады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құрама сапындағы ең үздік нәтижені Александра Ле көрсетті: іріктеу кезеңінде ол 628,5 ұпай жинап, 15-орынға тұрақтады.
Елизавета Безрукова 626,8 ұпаймен 22-орынды иеленсе, Софья Шульженко 624,6 ұпаймен 28-сатыдан көрінді. Еске салайық, іріктеу қорытындысы бойынша үздік сегіз спортшы ғана финалға жолдама алатын.
Іріктеу хаттамасын Қытай спортшысы Ван Цзыфэй бастады – 636,8 ұпай. Екінші орынды Оңтүстік Корея өкілі Бан Хё Джин – 634,9 ұпаймен алса, үшінші сатыны Үндістаннан келген Сонам Уттам Маскар – 634,1 ұпаймен түйіндеді.
Командалық есепте Қазақстан құрамасының нәтижесі Ле, Безрукова және Шульженко көрсеткіштерінен құралды. Біздің спортшылар 1879,9 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады.
Командалық жарыста алтынды Қытай – 1904,2 ұпаймен жеңіп алды, күміс Үндістанға (1898,0) бұйырса, қола Жапонияға (1897,1) тиесілі болды.
Бұған дейін 20 қыркүйекте триатлоншы Арлан Жанабай қола жүлде алып, Қазақстанға Азиада-2026 ойындарындағы алғашқы медалін сыйлаған еді. Кейін велоспортшы Рината Султанова жекелей бөлек старттық жарыста алтынға қол жеткізді.
Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі – ерлер арасында, 204-і – әйелдер арасында және 39-ы – аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді. Азиада-2026 ойындарында Қазақстан құрамасының намысын 559 спортшы қорғайды.


