Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарында Қазақстанның су добынан әйелдер құрамасы Сингапур командасын 12:7 (2:2, 3:1, 4:3, 3:1) есебімен жеңіп, турнирді сенімді бастады. Ватерполо турнирінің алғашқы матчы қазақстандықтардың пайдасына шешілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірінші кезеңнің аяқталуына үш минут қалғанда біздің қыздар алғаш рет алға шықты — 2:1. Алайда үзіліске дейін Сингапур есепті теңестіріп үлгерді. Екінші ширектен кейін қазақстандықтар 5:3 есебімен алда болды. Матчтың екінші жартысында черногориялық маман Зоран Масловардың шәкірттері басымдылықты одан әрі арттырып, маңызды жеңіске жетті — 12:7. Төрт голдан орталық ойыншы Ольга Воронцова мен команда капитаны, драйвер Анастасия Миршина еншілеп алды.

Азиаданың әйелдер ватерполо турниріне алты команда қатысуда. Жеңімпаз бен жүлдегерлер бір айналымдық турнир қорытындысы бойынша анықталады. Тағы ертең қазақстандықтар Жапония құрамасымен ойнайды, ол стартта Тайландты 27:7 есебімен ойсырата жеңді. 22 қыркүйекте біздің қыздар тайлықтармен, 23-інде турнир фавориті Қытаймен және 24-інде Өзбекстанмен кездеседі.

Азиада-2026-да Қазақстанның әйелдер құрамасы сапында Александра Жаркимбаева, Алина Озкая, Анастасия Миршина, Анастасия Цой, Анна Новикова, Валерия Аносова, Виктория Каплун, Дарья Починок, Елизавета Руднева, Камила Наурызбаева, Мадина Рахманова, Мария Мартыненко, Милена Набиева, Ольга Воронцова және Юлия Дружинина өнер көрсетеді.

Әйелдер арасындағы су добы турнирі Азия ойындарында бар-жоғы төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейінгі барлық жарыстарда қытайлықтар жеңімпаз атанған. Қазақстандықтар екі рет вице-чемпион (2010, 2018) және екі рет қола жүлдегер (2014, 2022) болды.

Жапониядағы XX Жазғы Азия ойындары кеше, 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі ерлер арасында, 204-і әйелдер арасында және 39-ы аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді.

Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы өнер көрсетеді. Бүгін қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратистер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева.