Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Италияда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерде үздік нәтиже көрсетіп, Instagram-дағы жарияланымдардың орташа тартымдылығы бойынша бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды infohub.kz.

IRIS Sport зерттеуіне сәйкес, Ұлттық Олимпиадалық комитеттер ассоциациясының (ANOC) Social Media Dashboard аясында жүргізілген зерттеу бойынша, қазақстандық ҰОК-тің Instagram-дағы бір жарияланымы орта есеппен 24 583 әрекеттесу жинаған — бұл рейтингке қатысушылар арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Engagement Rate көрсеткіші бойынша қазақстандық комитет 118,9 пайыз нәтижемен төртінші орынға ие болды. Зерттелген барлық платформалардағы орташа тартымдылық бір жарияланымға 1,26 мың әрекеттесуді құрады.

Олимпиада кезінде зерттеуге енген Қазақстан арналарының жиынтық аудиториясы 7,78 млн жазылушыға жетіп, 112 мың пайдаланушыға артты. Контент 9,25 млн әрекеттесу жинаса, бейнежазбалар 34,1 млн рет көрілді.

Сонымен қатар, Қазақстан жарияланған материалдар саны бойынша көшбасшылар қатарында болған жоқ. Контентті ең белсенді түрде АҚШ, Италия, Жапония, Ұлыбритания және Францияның олимпиадалық командалары жариялады.

IRIS Sport мамандары Ойындар кезінде аудиторияның ең үлкен қызығушылығын спортшыларға арналған жарияланымдар тудырғанын атап өтті: олардың эмоциялары, жеңістері мен медальдары, жарыстарға дайындығы, жеке оқиғалары және жарыстан тыс оқиғалар.

Қазақстан ҰОК PR және маркетинг департаментінің директоры Гүлназ Шукенова ұлттық комитет қатарынан екінші Олимпиада ойындарында жоғары тартымдылық көрсеткішін көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Біз үшін қатарынан екінші Олимпиадада жоғары деңгейдегі тартымдылықты көрсетіп жатқанымыз ерекше маңызды. Париждегі жазғы Ойындарда Қазақстан ҰОК осы көрсеткіш бойынша екінші орынға ие болса, 2026 жылғы Олимпиада қорытындысы бойынша біз бірінші орынға көтерілдік. Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі және ең бастысы, қазақстандықтардың біздің құрамаға деген зор қызығушылығын көрсетеді», — деді Шукенова.

Оның айтуынша, нәтижеге қазақстандық спортшылардың өнерлерін бақылап, пікір қалдырып, жарияланымдарды таратып жүрген жанкүйерлердің белсенділігі үлкен рөл атқарды.

Сонымен қатар, Қазақстан ҰОК-тің әлеуметтік желілердегі жұмыс тәсілі ANOC Digital Accelerator Programme аясында жеке танылды. Қазақстан IRIS Sport компаниясы Олимпиада-2026 кезінде әлеуметтік желілердегі тиімді жұмыс туралы жеке кейс-стади үшін таңдаған екі ұлттық олимпиадалық комитеттің бірі болды.