Қазақстанның әйелдер волейбол құрамасы Азия ойындарының қазіргі чемпионы — Қытай командасына 0:3 (18:25, 6:25, 14:25) есебімен жол беріп, Жапонияда өтіп жатқан Азиадада В тобында екінші орынға тұрақтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл кездесуге дейін екі команда да Филиппин құрамасын жеңіп, ширек финалға жолдамасын қамтамасыз еткен болатын. Осылайша, Қазақстан — Қытай матчында топтағы бірінші орын тағдыры шешілді.
Қазақстандық волейболшылардың қарсыластары — үш дүркін олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы, бес дүркін Әлем кубогының иегері, 18 дүркін Азия чемпионы және тоғыз дүркін Азия ойындарының жеңімпазы. Қытайлықтардың волейболы ғарыштық деңгейде екені таңғаларлық емес.
Екінші партияда қарсыластар Асқар Шалкибековтің шәкірттеріне небәрі алты ұпай жинауға мүмкіндік берді. Бірінші және үшінші сеттерде қазақстандық команда қарсылық көрсетуге тырысты, бірақ жергілікті табыстармен шектелді.
Қорытынды — 60 минут ішінде 0:3. Қазақстан топта екінші, Қытай бірінші орынмен мәреге жетті.
Қытай мен Қазақстаннан бөлек плей-офф жолдамасын Жапония, Индонезия, Таиланд, Қытай Тайбэйі, Оңтүстік Корея және Вьетнам жеңіп алды. Ширек финал жұптары ресми түрде әзірге жарияланған жоқ. Бұл кезеңнің матчтары 20 қыркүйекте өтеді.
АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ-2026. Волейбол. Әйелдер.
А тобы: Жапония — Непал 3:0, Индонезия — Непал 3:0. Орны: 1. Жапония — 3, 2. Индонезия — 3, 3. Непал — 0.
В тобы: Қытай — Филиппин 3:0, Қазақстан — Филиппин 3:1, Қытай — Қазақстан 3:0. Орны: 1. Қытай — 6, 2. Қазақстан — 3, 3. Филиппин — 0.
С тобы: Таиланд — Моңғолия 3:0, Қытай Тайбэйі — Қырғызстан 3:0, Қытай Тайбэйі — Моңғолия 3:0, Таиланд — Қырғызстан 3:0. Орны: 1. Таиланд — 6, 2. Қытай Тайбэйі — 6, 3. Қырғызстан — 0, 4. Моңғолия — 0.
D тобы: Вьетнам — Катар 3:0, Оңтүстік Корея — Гонконг 3:0, Оңтүстік Корея — Катар 3:0, Вьетнам — Гонконг 3:0, Гонконг — Катар 3:0. Орны: 1. Оңтүстік Корея — 6, 2. Вьетнам — 6, 3. Гонконг — 3, 4. Катар — 0.
Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары ресми түрде 19 қыркүйекте ашылады. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль комплектісі сарапқа салынады: 217-сі — ерлер арасында, 204-і — әйелдер арасында және 39-ы — аралас разрядтарда. Турнирлер 41 спорт түрінің 68 дисциплинасында өтеді.
Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 559 спортшы өнер көрсетеді.


