2026 жылғы 13 қазаннан бастап Қазақстанда жедел медициналық жәрдем көрсетудің жаңа ережелері күшіне енді: енді азаматтар бригаданың қозғалысын картадан онлайн режимде бақылай алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, «Жедел медициналық жәрдем шақыру» мемлекеттік қызметін алу үшін қазақстандықтар «103» нөміріне қоңырау шалуы не геолокациясын көрсетіп, мобильді қосымшаларды — мессенджерлер мен чат-боттарды пайдалануы қажет.
Бригада тағайындалған соң, медициналық ұйым пациентті автоматты түрде хабардар етіп, оған дәрігерлердің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігін беруге міндетті.
Сонымен қатар, жедел жағдайлардағы шақыртуларды жедел жәрдем станцияларының диспетчерлері емханалардың — алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдарының бригадаларына жібереді. Қайта бағыттау емханалардың жұмыс уақытында ғана істейді: жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, сенбіде 08:00-ден 12:00-ге дейін. Ал емхана дәрігерлерінің өздері мұндай шақыртуларды жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін орындайды.
Егер жедел шақырту жексенбіде немесе емханалардың жұмыс істемейтін уақытында түссе, пациентке жедел жәрдем станциясының қалыпты бригадасы барады.
Еске салайық, 2024 жылдың күзінде Денсаулық сақтау министрлігінің жедел медициналық жәрдем шақыруға қатысты жаңа түзетулері төңірегінде жанжал туындаған еді. Ол кезде әлеуметтік желілерде бригадалар шұғылдықтың IV санатындағы — жеңіл жарақат, жоғары қызба немесе қан қысымының күрт өзгеруі кезіндегі — шақыртуларға түнде және демалыс күндері бармайды деген ақпарат тараған болатын.
Туындаған қоғамдық резонансқа байланысты министрлік ресми түсініктеме беруге мәжбүр болды. Ведомствоның баспасөз хатшысы Айгерім Оразалиева бұйрық жобасының түсіндірілуі қате болғанын мәлімдеген еді. Денсаулық сақтау министрлігі «103» нөміріне қоңырау шалғанда шақырту санатына қарамастан дәрігерлік көмек толық көлемде көрсетілетінін, ал жұмыс уақытында емханалардың мобильді бригадаларын тарту қызмет жұмысының жеделдігін арттыруға ғана бағытталғанын айтқан.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда жедел жәрдем тәулігіне шамамен 25 мың өтініш қабылдайтынын жазған болатын.


