Қазақстан Ішкі істер министрлігі республикада уақытша жүрген шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру туралы бұйрыққа өзгерістер енгізуді бекітті. Түзетулер мәтіні Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өзгерістер ЖСН қалыптастыру және түзету ережелеріне қатысты. Құжатқа сәйкес, қызмет алушы жүгінген кезде мемлекеттік корпорация қызметкері оның жеке басын сәйкестендіреді, құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын, сондай-ақ құжаттардың белгіленген талаптарға сай болуын тексереді, содан кейін ХҚКО ақпараттық жүйесінде (ХҚКО АЖ) өтінім рәсімдейді.
ЖСН қалыптастыруға өтінім рәсімдеу барысында жүйеге қызмет алушының паспорт нөмірі енгізіледі. Бұйрықта көрсетілгендей, «ХҚКО АЖ-нің «Беркут» БОАЖ-мен интеграциясы арқылы шетелдік азамат туралы тіркеу деректері толтырылып, оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені, яғни елімізде жүргені расталады». Сонымен қатар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде иммигранттардың эталондық дерекқоры негізінде олардың Қазақстан Республикасында жүруі (тұруы) халықтың көші-қоны саласындағы заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкестігі тексеріледі.
ЖСН қалыптастыруға өтінімге жеке басын куәландыратын құжаттың және оның нотариаттық куәландырылған аудармасының электрондық көшірмелері қоса беріледі. Құжаттарды қабылдау кезінде қызмет алушыға қолхат беріледі. Мемлекеттік корпорацияға жүгінген күн мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.
Бұйрықта бөлек атап өтілгендей, енді шетелдіктердің шекарадан өткені ғана емес, олардың елде болуының көші-қон заңдылығы да тексеріледі.
Құжат қателерді түзету тәртібін де айқындайды. Егер қызметкерлер өтініште немесе құжаттарда дәлсіздіктерді, белгіленген талаптарға сәйкессіздікті не құжаттар пакетінің толық еместігін анықтаса, өтініш берушіге кемшіліктерді жоюға екі сағат уақыт беріледі. Өтініш беруші қателерді белгіленген мерзімде түзетіп үлгерсе, өтініш берілген күн оның алғашқы жүгінген күні болып есептеледі. Ал кемшіліктер жойылмаса, мемлекеттік корпорация қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тартады.
Бұйрық осы жылдың 6 желтоқсанында күшіне енеді. Бұған дейін Қазақстанда шетелдіктер үшін ЖСН алу рәсімін жеңілдету жоспарланып отырғаны хабарланған болатын.


