Таразда сот жергілікті тұрғынның жағында болып, оның сәулет және қала құрылысы бөлімінің жер телімін беруден бас тартуына қарсы шағымын қанағаттандырды. Талап арыз қанағаттандырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот Тараз тұрғынының сәулет және қала құрылысы бөліміне жер телімін беруден бас тартуды заңсыз деп тану және оны жою туралы талап арызы бойынша істі қарады.
Талапкер қаланың бір шағын ауданындағы пәтердің иесі. Бұған дейін оған дүкенге қызмет көрсету үшін жер телімі берілген, кейін дүкен салынып, пайдалануға берілген.
2026 жылы әкімдіктің жер телімін беру туралы бұрынғы шешімдері пәтер иелерінің жалпы жиналысын өткізу тәртібі бұзылғаны үшін сот арқылы заңсыз деп танылып, жойылған.
Осыдан кейін әйел тұрғындардың келісімін алу рәсімін қайта ұйымдастырды. Сауалнама қорытындысы бойынша 115 тұрғын дүкен салуға жер телімін беруді қолдады. Тұрғындардың көпшілігі келісім бергеніне қарамастан, жауапкер әйелге телім беруден бас тартты. Талапкер сотқа жүгінді.
Сот талапкердің тұрғындардың келісімін алу рәсімін сақтағанын, ал жауапкердің бас тарту үшін заңды дәлелдер ұсынбағанын анықтады.
Сонымен қатар сот заңнама кондоминиум нысанының жалпы мүлкінің бір бөлігін меншік иелерінің келісімімен шектеулі пайдалануға беруге жол беретінін атап өтті. Жауапкер тек формальды негіздерге емес, заң талаптарын, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа алуы тиіс.
Сот шешімімен бөлімнің бас тартуы заңсыз деп танылып, жойылды. Шешім заңды күшіне енген жоқ.


