Бүгін, 2026 жылғы 22 тамызда, Ақтөбеде Словакияда өткен U20 жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған балуан Қазыбек Қалмағамбетов салтанатты түрде қарсы алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионын Алия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда ата-анасы, туыстары және жүздеген жерлестері қарсы алды.

Шарада облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов сөз сөйледі. Ол Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың ұсынысы бойынша тарихи жеңіспен оралған спортшыға көлік кілтін табыстады.

Қазыбек Қалмағамбетов — Ақтөбе облысы тарихындағы U20 санатында грек-рим күресінен әлем чемпионы атанған тұңғыш спортшы екені атап өтілді.

Еске салайық, балуан 67 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт қарсыласын жеңген болатын. Шешуші белдесуде оның қарсыласы беларусьтік Михаил Марковский болды. Бәсеке 13:7 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.

Осылайша, 19 жастағы Қазыбек Қалмағамбетов 20 жасқа дейінгі санатта әлем чемпионы атанды.