Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері Каспийде қаза тапқан жас әскерилердің отбасыларына көңіл айтып, қайғыларын білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Продюсер, актер және КВН ойыншысы Нұрлан Қоянбаев бұл қайғылы оқиға барша қазақстандықты дүр сілкіндіргенін атап өтті. «Отан алдындағы борышын өтеп, ел тыныштығын қорғаған әскерилердің өлімін бәріміз ауыр қабылдадық. Қаза тапқандардың отбасына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бұл қасіреттің себебі ашық әрі әділ тексерілуі керек», — деп жазды Нұрлан Instagram-да.
Актриса және әнші Жанар Айжанова да әлеуметтік желіде жазба қалдырды. «Жас әскерилердің жаны жәннатта болсын. Қайғыдан қан жұтқан аналарға, ұлдарынан айырылған әкелерге, туған-туыстарына көңіл айтамыз. Балаларының оралуын күткен жандардың қаншама үміті сөнді. Бірақ ештеңені өзгерту мүмкін емес. Қайғыларыңды бөлісеміз, қымбаттылар», — деп жазды ол.
Актриса Айнұр Ілсова да қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. «Бүгін Қазақстанда Маңғыстау облысындағы әскерилердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту жарияланды. Қаза тапқандардың отбасына, туған-туыстарына терең көңіл айтамыз. Осы орны толмас қайғыны көтеруге күш пен төзімділік тілейміз. Иманды болсын», — деп жазды ол.
Әнші Алтынай Жорабаева бұл барша қазақстандық үшін орны толмас қаза екенін атап өтті. «Өмірі қызған шағында үзілген сарбаздарымыздың ата-аналарына, туған-туыстарына ең терең көңіл айтамыз», — деп жазды ол.
Орындаушы Ақбота Керімбекова да қайғы жеткен отбасылардың қасіретін бөлісті. «Ақтауда қаза тапқан әскерилердің отбасына Аллаһ сабыр берсін. Ел қорғауға аттанған жастардың қаза болуы — баршамыз үшін орны толмас қаза. Олардың жақындарының қайғысын бөлісіп, көңіл айтамыз», — делінген оның жазбасында.
Актер Данияр Хизметов әлеуметтік желіде жарияланым жасап, қаза тапқандарға қайғырып көңіл айтты. «Еліміздегі қорқынышты оқиға. Қаза тапқандардың отбасына көңіл айтамыз. Бұл туралы айту, түсінік беру, ой қорыту қиын. Аллаһ әр адамның өмірін қорғасын», — деді ол.
Сондай-ақ Толқын Забирова, Ләйлә Сұлтанқызы, Аша Матай, Жеңіс Искакова, Сәкен Майғазиев, Ерке Есмахан, RaiM, Ирина Тен және басқа да шоу-бизнес жұлдыздары көңіл айтты.
Еске салайық, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен нашарлауы мен екпінді желдің салдарынан Каспий теңізіне 17 әскери қызметші ағызылып кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты. Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні.


