Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қайғылы оқиға болды: бірінші курс студенті қаза тапты. Марқұмның анасы Сәуле Ордабаева болған жайдың мән-жайын ашып айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Әйелдің айтуынша, қайғылы оқиға қарсаңында ол ұлымен бейнебайланыс арқылы сөйлескен — оның дауысын соңғы рет сол кезде естіген.

«Олар сегіз адам еді. Екінші курс студенттері. Олар екі бірінші курс студентін ұстап алып, бөлмеге апарған. Әуелі сол баланы ұрған, сосын менің ұлымды сабаған. Соққы жүрек тұсына тиіп, балам құлап қалған. Кейін ұлымды басынан төмен қаратып көтерткен. Кеше аудандық полиция бөлімінде досы жылап отырып, осының бәрін айтып берді. Мен сегіз кінәлінің де жазалануын талап етемін. Университет басшыларын жауапкершілікке тартуды талап етемін», — деді Сәуле Ордабаева.

Марқұмның туыстары оқу орнының жатақханасында кіші курс студенттерінен бопсалау жүйесі жұмыс істегенін айтады. Олардың сөзінше, екінші курс студенттері жазылмаған ереже орнатып, оны бұзған бірінші курс студенттерін жазалаған.

«Университетте аты аталған жүйе бар. Екінші курс студенттері бірінші курс студенттерінен мәжбүрлі түрде ақша жинаған. Оның үстіне олармен екі қолмен амандасып, «сіз» деп сөйлесу міндетті болған. Балам мұны түскі ас кезінде немере апаларына айтыпты», — деп хабарлады марқұмның анасы.

Достары марқұм бала күнінен бокспен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанып, дене дайындығы жақсы болғанын айтады.

«Дауыл менің досым еді. Біз бірге өстік. Ол мықты жігіт болатын. Бір соққыдан құлап қалатын адам емес. Оны жақсы білемін. Тіпті боксқа да бірге барғанбыз», — деді оның досы.

Бұған дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қаза тапқанын хабарлаған. Алматы полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Бүгін оқу орнының баспасөз қызметі қызметтік тергеудің барысын хабарлады: проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды. Бұған дейін студенттің қаза табуына байланысты Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кешенді тексеріс жүргізілетіні де белгілі болған.