Британдық боксшы Хамза Шираз екінші орта салмақтағы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) міндетті титулын қазақстандық Жәнібек Әлімханұлына қарсы қорғаудан бас тартып, чемпиондық белбеуін өз еркімен босатты. Бұл туралы WBO ресми түрде хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Ұйым Шираздың мүддесін қорғайтын Queensberry Promotions компаниясы промоутерлік сауда-саттық аяқталған соң боксшының шешімі туралы WBO-ға жазбаша хабарлағанын растады.

«Хамза Шираз ресми үміткер Жәнібек Әлімханұлына қарсы міндетті қорғауға байланысты промоутерлік сауда-саттық қорытындысында қалыптасқан шарттарды қарастырып, бұл жекпе-жекті өткізбеуге шешім қабылдады және екінші орта салмақтағы WBO әлем чемпионы титулынан өз еркімен бас тартты», – делінген ұйым мәлімдемесінде.

WBO Шираз бен оның командасының шешімін құрметтейтінін жеткізді. Ұйымның Чемпиондық комитеті бос белбеу мәртебесі мен дивизиондағы ахуалға қатысты келесі шешімді дүйсенбіде, 21 қыркүйекте жариялайды.

Бұған дейін Queensberry Promotions Шираз – Әлімханұлы жекпе-жегін ұйымдастыру құқығы үшін сауда-саттықта 1 001 809 доллар ұсынып жеңіске жеткен. Қазақстандықтың мүддесін қорғайтын Top Rank 820 мың доллар ставка жасаған. Жекпе-жектің ықтимал күндері ретінде 28 қараша мен 5 желтоқсан аталса, өткізілетін орындар ретінде Ұлыбритания мен Нью-Йорк қарастырылған.

Айта кетейік, Шираз сауда-саттыққа дейін-ақ WBO-ның Әлімханұлын міндетті үміткер етіп тағайындауына наразылық білдірген. Ал қазақстандық болса, керісінше, жекпе-жекке дайын екенін бірнеше рет мәлімдеп, басты мақсаты – чемпиондық белбеу екенін атап өткен.

Шираздың бас тартуы Әлімханұлын автоматты түрде чемпион етпейді. Қазақстандық ресми міндетті үміткер күйінде қалады, ал WBO белбеуіне апарар жолды ұйымның Чемпиондық комитеті 21 қыркүйекте айқындайды.

WBO регламентіне сәйкес, бос титул ұйым санкциялаған жекпе-жекте сарапқа салынуы тиіс. Комитет қолжетімді екі үздік үміткерді анықтап, оларға келіссөз жүргізу үшін 30 күнге дейін уақыт береді. Келісімге келе алмаса, WBO промоутерлік сауда-саттық тағайындай алады. Осылайша, енді ұйым босатқан белбеу үшін Әлімханұлымен кездесу құқығын кім алатынын анықтауы керек.

Тамызда WBO қазақстандық орта салмақтан екінші орта салмаққа ауысқан соң Әлімханұлын Шираздың титулына ресми міндетті үміткер деп таныған. Бұған дейін Жәнібек 72,6 кг-ға дейінгі салмақта WBO және IBF чемпиондық белбеулерін иеленген.

Әлімханұлы кәсіби рингте жеңіліс көрмеген – 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен. Шираздың еншісінде – 24 жеңіс, бір тең ойын және 19 нокаут.