«Мерседес» командасының итальяндық пилоты Кими Антонелли «Формула-1» Испания Гран-приінде жеңіске жетті. Бұл жарыс Мадридте жаңа Madring қалалық трассасында алғаш рет өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
20 жастағы гонщик екінші позициядан старт алды. Жарыс барысында ол виртуалды қауіпсіздік көлігінің жағдайын және пит-стоп кезінде көш бастаған Ландо Норристің уақыт жоғалтуын тиімді пайдаланды. Нәтижесінде Антонелли алға шығып, мәреге дейін көшбасшылықты сақтап қалды.
Екінші орынды «Ред Булл» командасының төрт дүркін әлем чемпионы Макс Ферстаппен иеленді. Үштікті «Макларен» атынан қазіргі әлем чемпионы Ландо Норрис түйіндеді. Төртінші болып «Феррари» пилоты Шарль Леклер мәреге жетті, ал Антонеллидің «Мерседестегі» серіктесі Джордж Расселл бесінші орынға тұрақтады.
Антонелли үшін бұл жеңіс ағымдағы «Формула-1» маусымындағы сегізінші жеңісі болды. Сонымен қатар итальяндық жаңа Madring трассасында әлем чемпионаты кезеңінің алғашқы жеңімпазы ретінде тарихқа енді.
Испания Гран-приінен кейін Антонелли әлем чемпионатының жеке есебінде көшбасшылығын нығайтты. Енді итальяндықтың қоржынында 292 ұпай бар. Екінші орында 211 ұпаймен Джордж Расселл тұр. Жалпы есепте үшінші болып 191 ұпай жинаған Льюис Хэмилтон келе жатыр.


