Көк-Жайлау аумағында 2 мыңға жуық Шренк шыршасы отырғызылды. Бұл акция Almaty SuperSki жобасын жастармен талқылаудың жалғасы болды: бұған дейін студенттер бұл аумақтағы өзгерістерді құрылыс жұмыстарынан емес, көгалдандырудан бастауды ұсынған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ағаш отырғызуға студенттер, ғалымдар, экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды және Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев қатысты. Көшеттерді компания қазақстандық питомниктерден сатып алған.
«Біздің ұстанымымыз қарапайым: кез келген даму табиғатқа құрметтен басталуы керек. Сондықтан Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін біз нақты экологиялық әрекеттерден бастаймыз. Жаңа ағаштар отырғызу – сол қадамдардың бірі», – деді Ержан Еркінбаев.
Бірінші ағашты бірлесіп отырғызған соң, қатысушылар алдын ала белгіленген учаскелерге бөлініп, жаппай отырғызуға кірісті.
Жоба төңірегіндегі басты мәселелердің бірі – қазіргі жасыл желектерге қатысты. Экология министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, алып тастауға тура келетін әрбір ағаш үшін он еселік өтемақы қарастырылған.
«Бір ағаш алынған жағдайда он ағаш отырғызу арқылы өтемақы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, туристік кластер іске асырылатын аймақта Қызыл кітапқа енген бірде-бір ағаш көшірілмейді немесе алынбайды», – деді министр.
Kazakh Tourism Development компаниясы жоба ауданында 13 Сиверс алма ағашы бар екенін және олардың орналасқан жері әзірлеушілерге белгілі екенін нақтылайды.
«Біз олардың әрқайсысын нақты білеміз, нақты координаттарымыз бар, олар бұзылмайды, көшірілмейді және кесілмейді», – деді Еркінбаев.
Сонымен қатар, аумақтың бір бөлігінде адам қолымен отырғызылған еуропалық шыршалар өседі. Олар эндемикалық немесе Қызыл кітапқа енген түрлерге жатпайды. Компанияда курстың жоспары осы ағаштардың барынша көбін сақтап қалуға бейімделіп жатқанын айтады. Қажет болса, бір бөлігі көшіріледі, бір бөлігі санитарлық кесуге ілігуі мүмкін.
Almaty SuperSki жобасының негізгі коммерциялық аймағы компанияның мәліметінше, 20 гектардан аспайды. Аумақты ұлттық парк құрамынан шығару жоспарланбайды, ал жеке виллалар мен коттедждер салуға тыйым салынған.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жастардың мұндай бастамаларға қатысуы тек көгалдандыруға көмек қана емес, сонымен қатар таулы аумақтың болашағын талқылаудың бір бөлігі екенін атап өтті.
«Алматы үшін жас қала тұрғындарының қала өміріне белсенді қатысып, қоршаған ортаны сақтауға үлес қосуы маңызды», – деді ол.
Сонымен қатар, Көк-Жайлауда ғылыми зерттеулер жалғасуда. Мамандар флора мен фаунаны, су ресурстарын, топырақты және эрозиялық процестерді, археологиялық нысандарды, сондай-ақ ықтимал шу жүктемесін зерттеп жатыр. Жұмысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және басқа да бейінді ұйымдардың ғалымдары қатысуда.


