Көкшетауда 8 қазанда жоғалып кеткен төрт жасар Алан құрылыс алаңындағы су толған шұңқырдан өлі күйінде табылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Анасы ұлын жұмысқа ертіп барған, өйткені оны қарайтын ешкім болмаған. Бала байқатпай сыртқа шығып, жоғалып кеткен. Ол ғимаратты түгел аралап, кейін көмек сұраған. Келген құтқарушылар мен еріктілер бала бір жерде ойнап жүріп ұйықтап қалған болар деп үміттенген. Алайда бейнебақылау камералары оның сыртқа шығып, көршілес құрылыс жүріп жатқан аумаққа қарай кеткенін көрсеткен.
«Құрылыс алаңының көп бөлігі бетондалған. Күңгірт тартқандықтан, сол бетонда септикке арналған шұңқыр бары байқалмады. Ол жай ғана шалшық сияқты көрінді. Біз еріктілермен бірге ол шалшықтың қасынан бірнеше рет өттік. Бір еріктіміз өзі сонда құлап кете жаздады. Бірақ баланың сонда құлауы мүмкін деген ой келмеді», — деді ерікті Оксана Даронина.
Телеарна мәліметінше, Аланның анасының жұмыстағы бірінші күні болған. Ол өндіріске сыпырушы болып орналасқан, бірақ маман болуды жоспарлаған. Әйел ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп, баланы қарайтын ешкім болмағандықтан, оны өзімен бірге алып кеткен.
Бала табылған құрылыс алаңының қақпасы ашық тұрған.
«Іздестіру шаралары барысында бала ашық құдықтан табылды. Алдын ала деректерге қарағанда, зорлық-зомбылықтан қаза тапқандығының белгілері жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда», — деді Ақмола облысы ПД ақпараттық саясат бөлімінің айрықша тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсем Абдрахманова.
Еріктілер Аланның отбасын жақсы білетінін және бұрын оның анасына материалдық көмек көрсеткенін айтты. 9 қазан күні таңертең белсенділер баланы жерлеуге қаражат жинауды жариялады. Қажетті соманы қаланың жанашыр тұрғындары бірнеше сағаттың ішінде жинап берді.


