1-топ мүгедегіне күтім жасайтын қазақстандықтар мемлекеттік жәрдемақы рәсімдей алады, әрі бұл кезең еңбек өтіліне есептеледі — болашақ зейнетақысы азаймайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматы қаласы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жәрдемақы 1-топ мүгедегіне тікелей күтім жасайтын азаматқа тағайындалады және мүгедектіктің белгілену себебіне қарамастан беріледі. Көмекке мұқтаж адамның тек туыстары ғана емес, өзгелер де төлемге үміткер бола алады.

Жәрдемақы алу үшін бірнеше шарт сақталуы керек: күтім жасаушы кәмелетке толған және әрекетке қабілетті болуы тиіс; екі адам да бір елді мекенде тұруы керек; күтімді бірнеше адам жасаса, жәрдемақыны олардың тек біреуі ғана ала алады.

Маңыздысы: ақша мүгедектігі бар адамға емес, күтім жасаушыға аударылады. Төлем 1-топ мүгедектігі белгіленген уақытқа дейін жүргізіледі. Жәрдемақы мөлшері — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,61 есесі. 2026 жылы алушылар ай сайын 81 871 теңге алады.

Мүгедектігі бар адамға күтім жасағаны үшін жәрдемақы алатындар бұл еңбек өтіліне немесе болашақ мемлекеттік зейнетақы мөлшеріне кері әсер етеді деп қауіптенбеуі керек. Күтім кезеңі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін есептеу үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне есептеледі. Азамат 1998 жылға дейін мүгедектігі бар адамға күтім жасаған болса, растайтын құжаттары болған жағдайда, ынтымақты өтілді анықтауда да осылай есептеледі.

Осылайша, зейнетақы жүйесі үшін мүгедектігі бар адамға күтім жасағаны үшін жәрдемақы алушы — күтім жасалған уақыт бойы еңбек өтілі өсіп отыратын толыққанды қатысушы.

Ал жинақтаушы жүйеде бұл тәртіп жүрмейді. Күтім жәрдемақысынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталмайтындықтан, төлемдер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы мөлшеріне еш әсер етпейді.

Күтім жасаушы зейнетақы жинақтарын өз бетінше ұлғайта алады: БЖЗҚ-ға өз еркімен зейнетақы жарналарын аударып, қордан алатын болашақ төлемін көбейтеді.

Сонымен қатар қазақстандықтар күтім жәрдемақысын алып қана қоймай, өз бетінше қозғалуы қиын 1-топ мүгедектері үшін жеке көмекші болып ресми жұмыс істей алады. Бұл жағдайда қатынастар жергілікті атқарушы органдармен шарт арқылы ресімделеді. Жеке көмекші жалақы алады, ал мемлекет ол үшін міндетті зейнетақы және әлеуметтік аударымдарды жүргізеді. Осылайша, қарапайым күтім жәрдемақысынан өзгеше, жеке көмекші болып жұмыс істеу мемлекеттік зейнетақы үшін өтіл қалыптастырып қана қоймай, міндетті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын толықтыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда күтім жәрдемақысы олай бұлай тағайындалмайды — алдымен өтініш беру қажет. Мұны екі жолмен жасауға болады: Электрондық үкімет порталы арқылы немесе Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) арқылы. ХҚКО-ға жүгінгенде жеке куәлік пен банк шотының нөмірі қажет болады. Күтім жасалатын адамның мүгедектігі туралы мәліметтерді жүйе мемлекеттік дерекқорлардан алады. Өтініш 7 жұмыс күні ішінде қаралады.