Алматыда көлікті тоқтатпай-ақ шығарындылар деңгейін өлшейтін жүйе сынақтан өткізіле бастады. Жобаның егжей-тегжейін Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы жария етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство түсіндіргендей, OPUS RSE жүйесі пайдаланылған газдағы ластағыш заттардың нақты деңгейін тіркейді, бұл ретте көліктерді тоқтатудың қажеті жоқ.

Сынақ үшін испандық OPUS компаниясы RSD6000 тасымалды жабдығын ұсынды. Ол қаланың түрлі аудандарындағы жолдарға орналастырылады. Басқарма дерегінше, өлшеулер екі апта ішінде 12 күнге жоспарланған. Жүйенің әртүрлі қозғалыс қарқынындағы жұмысын тексеру үшін орнату нүктелері күн сайын ауыстырылып отырады. Техникалық сүйемелдеуді, жабдықты калибрлеуді және алынған деректерді тексеруді OPUS өкілі қамтамасыз етеді.

Сынақ қорытындысы бойынша мамандар автокөлік шығарындыларының деңгейін талдап, көрсеткіштерді халықаралық деректермен салыстырады және ластану деңгейі жоғары көлік құралдарын анықтау өлшемшарттарын ұсынады.

Сонымен қатар тұрақты мониторинг жүргізу үшін жабдықты орналастырудың ықтимал нүктелері айқындалады, деп атап өтті ведомствода.

«Пилоттық жобаның нәтижелері технологияның тиімділігін және оны Алматыда автокөлікті экологиялық бақылау үшін одан әрі қолдану мүмкіндігін бағалауға көмектеседі. Бұл ретте пилот тек зерттеу сипатында», — деп атап көрсетті әкімдікте.

Еске салайық, Алматыда шығарындылар деңгейі төмен алғашқы аймақ пилоттық форматта іске қосылған болатын. Қазіргі кезеңде қозғалысқа шектеу мен жүргізушілерге айыппұл қарастырылмаған.

Қазір пилот көшелер квадратында жүзеге асырылуда: Богенбай батыр көшесінен оңтүстікке, Абай даңғылынан солтүстікке, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа қарай. Жоба операторы — «Алматы Паркинг» МКК.

Қыркүйек айының соңында Алматыда шығарындылар деңгейі төмен аймақтарды кеңейтіп, оларды бүкіл қала бойынша құру ұсынылғаны белгілі болды.

Сондай-ақ Алматы әкімдігі экологиялық стандарттарға сай келмейтін көліктермен LEZ аймағына кіру үшін айыппұл қашан салына бастайтынын айтқан болатын.