Колумбиядағы жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны артып келеді: соңғы мәліметтер бойынша, 319 адам қаза тапты, 31 мыңнан астам үй қирады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ТАСС-тың хабарлауынша, Колумбиядағы жер сілкінісінен кемінде 319 адам қаза тауып, 260 адам хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы табиғи апаттар тәуекелін басқару қызметі мәлімдеді. "319 адам қаза тапты, 4 469 адам жарақат алды, 260 адам хабар-ошарсыз кетті, 364 адам құтқарылды", - делінген хабарламада. Сонымен қатар, 549 жануар құтқарылды.

Биліктің соңғы бағалауы бойынша, жер сілкінісі 31 мыңға жуық үйді қиратып, 151 995 ғимарат зақымданған.

Сонымен қатар, магнитудасы 7,4 болатын жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Колумбиядағы 10,1 мыңнан астам тұтынушы әлі күнге дейін газбен қамтамасыз етілмеген. Қалдықтарды тазалау кезінде инфрақұрылымның қайта істен шығуы қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып отыр.

Республиканың газ саласы кәсіпорындары қауымдастығының басшысы Лус Стелла Мургас өшірілген тұтынушылардың жалпы санының 6 мыңға жуығы Валье-дель-Каука және Каука департаменттеріне тиесілі екенін айтты. Арнайы бригадалар зардап шеккен аудандардағы желілердің техникалық жағдайын тексеріп жатыр.

Еске салайық, 10 тамызда Колумбияда магнитудасы 7,4 болатын күшті жер сілкінісі болды. Сол күні кешке 30 адам қаза тапқаны хабарланған еді. 12 тамызда елде төтенше жағдай режимі жарияланғаны белгілі болды.