Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тағы бір жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастап тұр, деп хабарлайды infohub.kz.
Төртінші жарыс күні ұлттық құрама тоғыз алтын медаль жеңіп алды. Ернұр Сүлеймен 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақ күресінен чемпион атанды. Дәстүрлі садақ атудан Әсемгүл Ғалымжанова мен Аяш Қабдоллаева алтын алды. Қанат Бақтыбай ат үстіндегі ұлттық ойын — теңге ілуден үздік шықты. Мейір Рахметқалиев арқан тартудан жеке сында жеңіске жетті. Бұған дейін ол 8х8 және 4х4 командалық жарыстарда да алтын алған болатын.
Ат жарысында төрт қазақстандық ең жоғарғы сатыға көтерілді. Көшпенділер ойындарының чемпиондары атанғандар: Нұрасыл Бекбатыр (аламан бәйге, 25 шақырым), Санжар Өмекей (құнан бәйге, 12 шақырым), Рамазан Табылдиев (ұшқыр бәйге, 2,4 шақырым) және Каримжан Құрбанжанов (ұшқыр бәйге, 3,2 шақырым).
Сонымен қатар, жұма күні қазақстандықтар бес күміс және жеті қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасының қоржынында қазір 55 медаль бар (25 алтын, 13 күміс, 17 қола). Команда жалпы есепте жарыс иелері — қырғызстандықтарды (23 алтын, 24 күміс, 11 қола) басып озды.
Көшпенділер ойындары 6 қыркүйекке дейін жалғасады.


