Қырғызстанда 6 қыркүйекте аяқталған Дүниежүзілік көшпенділер ойындары елдер арасында ресми медаль есебін жүргізуді қарастырмайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қырғыз Республикасының Дене шынықтыру және спорт мемлекеттік агенттігі Instagram-парақшасында жариялаған мәлімдемесінде Ойындар тұжырымдамасына сәйкес ресми медаль және жалпыкомандалық есеп жүргізілмейтінін атап өтті. Бұл мәлімдеме Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың 32 алтын медалін жариялап, қазақстандықтардың қорытынды медаль есебінде көш бастауына мүмкіндік бергеннен кейін пайда болды.
Алайда Ойындарды ұйымдастырушылар басқа нұсқаны ұсынды, оған сәйкес Қырғызстан құрамасында 30 алтын медаль қалды, ал Қазақстанда олардың саны 29-ға дейін төмендеп, бұл екінші орынға сәйкес келді. Туындаған резонанстан кейін ұйымдастырушылар медаль рейтингін әлеуметтік желілерден және ресми сайттан алып тастады, себебі Ойындар Хатшылығынан толық ақпарат жиналып жатқандықтан, есептің қорытынды нұсқасы әзірге жоқ екенін түсіндірді.
Қырғызстанның спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәлімдемесінде: «Дүниежүзілік көшпенділер ойындары — бұл, ең алдымен, этноспорт пен дәстүрлі спорт түрлерін сақтау, дамыту және танымал ету, халықтар арасындағы мәдени байланыстар мен достықты нығайтуға арналған халықаралық алаң. Ойындар тұжырымдамасы мемлекеттердің жалпы рейтингте орын алу үшін бәсекелесуіне емес, елдерді ортақ тарихи-мәдени мұраның айналасына біріктіруге және этносты дамытуға негізделген», — делінген.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республика құрамасын Көшпенділер ойындарындағы сәтті өнер көрсетуімен құттықтаған болатын.


