Әлеуметтік желілерде Қостанайдағы оқу орындарында теракт жасалады деген ақпарат тарады. Құқық қорғау органдары аталған нысандарды дереу тексеріп, жазба авторын іздеуге кірісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«ТоболИнфо» басылымының мәліметінше, Telegram мессенджерінің бір арнасында қаладағы бірқатар оқу орнына қатысты қауіп төндіретін хабарламалар пайда болған. Тізімде Қостанай өңірлік университеті, политехникалық және медициналық колледждер, сондай-ақ №17 орта мектебі аталған.

Белгісіз біреу ғимараттарға жарылғыш құрылғылар қойылғанын және құқыққа қайшы әрекеттерге дайындалып жатқанын мәлімдеген. Әрекеттің басталу күні ретінде 7 қазан көрсетілген.

Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне ақпарат түскен соң шұғыл тексеру жүргізілгенін хабарлады. «Хатта көрсетілген барлық ғимарат тексерілді. Жарылғыш заттар, жарылғыш құрылғылар және өзге де күдікті заттар табылған жоқ. Қостанай оқу орындарында жасалады деп жоспарланған теракт туралы ақпаратты әлеуметтік желілерде тарату фактісі бойынша полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады», — деп сендірді полицияда.

Облыстық полиция департаменті қазір жазба авторы мен болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқанын қосты.

Сонымен қатар азаматтарды сабыр сақтауға, үрейге бой алмауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды. Полиция көрінеу жалған хабарлама таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.