Қазақстан Премьер-лигасында 25-тур аяқталды. Соңғы ойын күні «Астана» «Елимайды» ұтса, «Тобыл» «Ұлытауды» жеңді, ал «Алтай» «Қайсарды» тізе бүктіріп, төменгі сатыдан шығып кетті... деп хабарлайды infohub.kz.
«Астана» «Елимайға» жауапсыз төрт гол соқты – 4:0. Бірінші таймның соңында Иван Башич бес минут ішінде дубль жасады, үзілістен кейін Марин Томасов гол соқты, ал нүктені пенальтиден Рамазан Каримов қойды.
Бұл жеңіс «Астанаға» 45 ұпай жинап, үшінші орында нығаюға мүмкіндік берді. Енді астаналық клуб «Оқжетпестен» үш ұпайға озық тұр. Алда «Ордабасы» – 55 ұпай және «Қайрат» – 54 ұпай. Алайда алматылықтар көшбасшыдан бір ойын аз өткізген.
Томасовтың голы 39 жастағы хорватты КПЛ мергендер кестесінде көш басына шығарды. Оның еншісінде он гол. Роман Мұртазаев пен «Тобыл» шабуылшысы Урош Милованович тоғыз голдан соққан.
Қостанайда «Тобыл» үзілістен кейін екі рет алға шығып, «Ұлытауды» 3:1 есебімен жеңді. Милованович дубль жасаса, тағы бір голды Виталий Лисакович соқты. Қонақтардан Аслан Ахмедов гол соқты.
Қостанайлықтар 31 ұпай жинап, қосымша көрсеткіштер бойынша жетінші орынға көтеріліп, «Ұлытауды» қуып жетті. Жезқазғандықтар сегізінші орынға түсті.
Өскеменде «Алтай» Премьер-лигада қалу үшін маңызды жеңіске жетті. Драган Стойсавлевич бесінші минутта-ақ есеп ашты, ал екінші таймда Сэйф Попов алаң иелерінің басымдығын нығайтты – 2:0.
«Алтай» 22 ұпай жинап, төменгі сатыдан шығып, 13-орынға көтерілді. «Қайсар» 20 ұпаймен соңғы, 16-орынға түсті. «Ертісте» де сонша ұпай, бірақ ол бір саты жоғары тұр.
25-турдан кейін үздік үштік: «Ордабасы» – 55 ұпай, «Қайрат» – 54, «Астана» – 45. «Оқжетпес» 42 ұпаймен төртінші, «Ақтөбе» 38 ұпаймен бесінші орында.


