Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық жеңіл атлет Кристина Морозова спорттық жүрістен жарты марафон қашықтығында екінші болып мәреге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
25 жастағы спортшы қашықтықты 1:35.25 уақытта еңсеріп, күміс үшін тартыста Қытай өкілі Цзян Юньяньнан небәрі бір секунд озып кетті. Тағы бір қазақстандық Эльмира Калимуллина 1:43.21 нәтижемен алтыншы орынға тұрақтады.
АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ-2026
23 қыркүйек. Жеңіл атлетика. Жүріс. Жарты марафон. Әйелдер
🥇 1. ЯН ЛЮЦЗИН (Қытай) – 1:33.40
🥈 2. Кристина МОРОЗОВА (Қазақстан) – 1:35.25
🥉 3. ЦЗЯН ЮНЬЯНЬ (Қытай) – 1:35.26
…6. Эльмира КАЛИМУЛЛИНА (Қазақстан) – 1:43.21
Азиаданың төртінші күнінің бағдарламасын ашқан жарысқа спорттық жүрістен сегіз спортшы қатысты.
Морозованың жүлдесі — қазақстандық әйелдердің осы дисциплинада Азиадаларда жеңіп алған алғашқы күміс медалі. Светлана Толстая 1998 жылы Бангкокте өткен ойындарда 10 км қашықтықта үшінші болған еді. Төрт жылдан кейін ол 20 км жүрістен қола жүлдеге қол жеткізді.
Ерлер арасында 50 км жүрістен 1994 жылғы Азия ойындарында Сергей Корепанов алтын алған. Валерий Борисов 2002 жылғы ойындарда жиырма шақырымда чемпион атанды. Барлық Азиадалардың медаль есебінде қазақстандық жеңіл атлеттер жетінші орында тұр.
XX Жазғы Азия ойындарының салтанатты ашылуы 19 қыркүйекте өтті. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыста 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217-сі — ерлер, 204-і — әйелдер, 39-ы — аралас разрядтар арасында. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы сынға түседі.
Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Құрама қоржынына бесінші алтынды қарсаңында ММА сайыскері Еркінғали Бүркіталин қосты. Алтыншысын — оның аралас жекпе-жектен құрамалас жолдасы Қадырбек Шынбаев иеленді.
Ойындардың үшінші күнінен кейін Қазақстан бейресми медаль есебінде төртінші орында келеді.


