Ақтау тұрғыны Instagram-да басқа әйелдің отбасылық жағдайы мен балалары туралы жалған мәлімет жариялағаны үшін 544 950 теңге төлейтін болды. Бұл шешімді қаланың мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты шығарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Маңғыстау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі (жала жабу) бойынша қаралды.
Сот анықтағандай, биылғы қазан айында әйел өзінің Instagram парақшасында жәбірленушінің отбасылық жағдайы мен балаларына қатысты шындыққа сай келмейтін мәліметтер жариялаған.
Сот отырысында әйел хаттамамен келіспейтінін және кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Жәбірленуші өз кезегінде құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұрады.
Әйелдің кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, құқық бұзушының парақшасынан алынған жарияланымдар мен фотолармен, жәбірленушінің арызымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ сот отырысында зерттелген басқа да жазбаша құжаттармен дәлелденді.
Әйел Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Жаза тағайындау кезінде сот жауапкершілікті жеңілдететін мән-жай ретінде 14 жасқа толмаған баласының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот 180 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әкімшілік айыппұлды 30%-ға төмендетіп, оның түпкілікті сомасын 544 950 теңге деп белгіледі.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


