Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Лагерьден қайтқанда

Бұйра толқыны көбіктеніп аспанға атылып жатқан Ертістің жиегінде суға төніп күлімдеп тұрған Нұра мен Төлеген гүр ете қалған судың қатты даусынан елең ете түсті.

Асау, арда Ертістің толқыны арыстанның жалындай болып буырқанып жатыр.

Толқын кейде бұрқ-бұрқ етіп шиыршық атады, кейде түбінен сынып сылқ етіп құлаған бәйтерекше лықсып бірінің үстіне бірі құлап, екіншісі көтеріп, ыққа қарай жөн сілтеген сияқты.

- Міне, — деді Төлеген толқынға құмарта қарап, — асаудың асауы толқындай-ақ болар. Егер, мұның алдынан арпалысқан бір күш бөгет болса, анау үйдей - үйдей болып дөңбекшіп жатқан толқынмен төбелеспегенде несі қалды?

- Ия,— деді Нұра да физикадағы бір заңды есіне түсіріп. — Ол қарсы соққан күшке байланысты ғой.

- Сен еткен жылы жазғы тексеру сынында физикадан нашар бағамен өттім, күз қайта өткіземін дегенің қайда, бұл заңды қайдан білесің?

- Тіпті физикадан есімде еш нәрсе қалмасын дейсің бе?

- Жоқ, жоқ, — деді Төлеген сасқалақтап, — жаз дайындалған шығарсың?

- Алдағаным ғой, мен физикадан нашар оқыдым дегенге нанып қалғаның ба?

Ол сөйдеді де, кенет лагерьдегі өзінің палатасына жүгіріп кетті. Төлеген Нұраның неге жүгіріп кеткенін біле алмай, оның соңынан қуа жөнелгісі келді де өзін-өзі тоқтатты.

Ертістің бойындағы тамаша көрініске тесіле қарап тұрған Төлеген жанына ентігіп жүгіріп келген Нұраны байқамай да қалды.

- Міне, менің бағаларым, — деп Нұра өзінің жыл аяғында мектептен алған куәлік қағазын ұсынды. Қағазға қанша қараса да Төлеген «отлично» деген сөзден бөтен баға таба алмады. Ол физика деген жерге ерекше үңіле қарады да:

- Молодец, Нұра, мен түнеугі өзің физикадан өткізе алмадым дегеннен бері саған қалай жәрдем берсем деп ойлайтын едім, — деді.

Лагерь күні аяқталуға жақындады...

Төлегендер дем алып жатқан лагерь Ертістің жағасында.

Жағалай қалың орман, қызыл гүл, олардың бәрі де бүгін балаларға: «Қош», — деп қолын бұлғағандай көрінеді.

Солтүстіктен ебіп өскен жібек жел Төлегеннің мойнындағы қызыл галстугін желбіретіп тұр.

Балалар Ертістің жағасындағы көк жібектей аяққа оралған шалғын арасынан гүл теруге кіріскенде, Төлеген аузын ашып өкпек желдің соққан лебімен теңселіп тұрған бір қызыл гүлге қарап ойға батты.

- Біздің өміріміз де осы қызыл гүлдей ғой, — деді ол гүлге бір, күнге бір қарап.

Оның есіне биыл Алматыға барып оқитыны түсті.

Міне, бүгін лагерь жабылады, балалар аулына қайтады.

Төлегеннің қимайтыны жаз бойы бірге болған жолдастары.

Лагерь палаталары жағынан машинаның гүрілдеген даусы шықты.

Төлеген сол жаққа қарай беттеді.

Ауданнан келген балалар өз аудандарына қайту керек. Балалар бір-бірін қимай құшақтасып, қол алысып қоштасып жатты.

Бірін-бірі қимаған кішкентай азаматтар, біріне-бірі адресін беріп жатты. Төлегенді Нұра, Тұрысбек, Әсен үшеуі айнала қоршап тұр.

Қазір Төлеген жүреді, бұлар ең әуелі Төлегенмен қоштаспақ. Бәрі де оның қолын қысып, құшақтасып жатыр.

- Хат жазарсың, Төлеген!

- Әрине, — дейді ол.

Машина жолға шыққанда басын изеп қош - қоштаған балалардың даусы машинаның гүрілімен ұласты.

Зымырап келе жатқан машина үстінде отырып пионерлер қуанышты ән шырқаумен қара жолды қақ айыра белден асып кетті...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама