Қазақ тілінің латын әліпбиіне толық көшуі жаңа алфавит пен емле ережелері бекітілгеннен кейін ғана басталады. Бұл туралы infohub.kz сайты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жауабына сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының және жоғары оқу орындарының ғалым-лингвистері қазақ тілі алфавитінің жобасы мен латын графикасы негізіндегі емле ережелерін жетілдіруде.

Сонымен қатар, Ғылым министрлігі қазақ алфавитін латынға көшіруге бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі жұмыс жоспарларының өзгеруіне байланысты бюджетке қайтарылғанын хабарлады.

«Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу, сондай-ақ бірыңғай цифрлық коммуникация құралдарын әзірлеу мәселесі тиісті нормативтік құқықтық актілер бекітілгеннен кейін қаралатын болады», — деп түйіндеді ведомствода.

Еске сала кетейік, 2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Тіл білімі институтына қазақ тілінің жаңа емлесі бойынша арнайы жұмыс әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің пікірінше, содан кейін ғана латынға көшу туралы айтуға болады. Ол сондай-ақ бұл мәселеде асықпауға шақырды.

2023 жылы мемлекет басшысы кириллицадан латынға көшу жұмысын жалғастыруды, «алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп», алдыңғы әрекеттерде жіберілген қателіктерді ескере отырып жүргізуді тапсырды.

Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда әлі күнге дейін латын әліпбиі бойынша шешім қабылданбағанын жазған болатын.