Қазақстандық мергендер Александра Ле мен Ислам Сатпаев Аичи мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында аралас дуэттер сайысының финалына шыға алмады. Олар іріктеу кезеңінде 629,1 ұпай жинады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Олимпиада-2024-тің қола жүлдегерлері 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкадан атысты. Іріктеу қорытындысы бойынша қазақстандық дуэт бесінші орынға тұрақтады, ал финалға үздік төрт команда жолдама алды.
Ең жоғары нәтижені Қытай құрамасы көрсетті – 638,9 ұпай. Қытайлық мергендер іріктеудің жаңа әлемдік рекордын орнатты. Финалистер төрттігіне Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапония командалары да енді.
2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында Ле мен Сатпаев осы дисциплинада қола медаль жеңіп алған болатын.
Ойындардың ресми ашылуы 19 қыркүйекте өтті. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль комплектісі сарапқа салынады. Оның 217-сі – ерлер арасында, 204-і – әйелдер арасында, 39-ы – аралас разрядтарда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының намысын 35 спорт түрінен 558 спортшы қорғайды.
Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратистер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева Ойындар чемпионы атанды. Екінші күннен кейін Қазақстан бейресми командалық есепте төртінші орында тұрды.


