Лондонның оңтүстік-шығысындағы қайта өңдеу зауытында үш ай ішінде екінші рет ірі өрт болып жатыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Лондон өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, Дептфордтағы Ландманн Уэй мекенжайында орналасқан қайта өңдеу кәсіпорнында сақталған 50 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жанған. Өрт сөндірушілерге шамамен 15 өрт сөндіру машинасы мен 100-ге жуық өрт сөндіруші тартылған.
Өрт туралы алғашқы хабарлама кешкі 20:00-ге жуық түскен. Оқиға орнына Ист-Гринвич, Олд-Кент-Роуд, Дептфорд және маңайдағы өрт сөндіру бөлімшелерінің қызметкерлері жіберілді. Әлеуметтік желілерде тараған видеода теміржол маңындағы ғимараттардан жалын мен түтін көтеріліп жатқаны көрінеді.
Бұл — аталған нысандағы екінші ірі өрт. Маусым айында дәл осы кәсіпорында болған өрт кезінде фургон мен жеңіл көлік жанып, бір ер адамға Лондон жедел жәрдем қызметінің мамандары оқиға орнында көмек көрсеткен еді.
Станция командирі Дункан Рис: «Бермондси мен солтүстік Льюишем шекарасындағы өнеркәсіп аймағында орналасқан қайта өңдеу орталығындағы ірі өртті шамамен 100 өрт сөндіруші сөндіруде. Алғашқы қоңырау 19:58-де түсіп, қазір 15 өрт сөндіру машинасы жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндірушілер басқа да құтқару қызметтерінің әріптестерімен бірге қиын жағдайда жалынды ауыздықтау үшін бар күшін салуда. Бригаданың 32 метрлік және 64 метрлік айналмалы баспалдақтары су мұнаралары ретінде жоғарыдан жалынды сөндіруге пайдаланылуда», — деді.
Өрт салдарынан Нью-Кросс станциясынан Лондон-Бридж бағытындағы пойыздардың қозғалысы шектелген. National Rail компаниясының хабарлауынша, теміржол желілері өртке байланысты жабылған.
Түтіннің көптігіне байланысты тұрғындарға аймаққа жақындамауға және мүмкіндігінше есік-терезелерді жауып ұстауға кеңес берілуде. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз.


