Маңғыстау облысының екі тұрғыны 20 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Себебі олардың бірі мас күйінде, әрі жүргізуші куәлігінсіз бөтен адамның көлігін басқарған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 29 қыркүйекте Таушық — Қияқты бағытындағы жергілікті маңызы бар жолда патрульдіктер «Audi» маркалы көлікті тоқтатқан. Көлік рөлінде көлік басқару құқығы жоқ 39 жастағы ер адам отырған. Ол сондай-ақ алкогольдік масаң күйде болған.
Сот шешімімен ер адам 20 тәулікке қамауға алынып, жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Көлігін мас досына сеніп тапсырған көлік иесі де жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары бойынша, кілтті беріп тұрған сәтте 34 жастағы бұзушы да алкогольдік масаң күйде болған.
Сот оны да 20 тәулікке қамауға алып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айыруға үкім шығарды.


