Маңғыстау облысындағы тас жолда мотоциклмен саяхаттаған Испанияның үш азаматы қиын жағдайға тап болды. Оқиға республикалық маңызы бар Шетпе — Бейнеу тас жолында болған, бір мотоцикл бұзылып қалған. Шетелдіктерге Маңғыстау облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Қанат Исмағұлов пен Құрманғазы Битибаев көмекке келді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«ҚР ІІМ жаңалықтары» Telegram-арнасында хабарланғандай, туристер Ақтаудан отанына қайтып бара жатқан. Жолда бір мотоцикл істен шығып, екі саяхатшы полицейлерден көмек сұраған. Тәртіп сақшылары жүк көлігін тоқтатып, жүргізушіден ақаулы мотоциклді Бейнеуге дейін жеткізуді өтінген. Жүргізуші көмектесуге келісіп, мотоцикл көлікке тиелген.
Полицейлер туристермен ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, қажетті қолдау көрсеткен. Шетелдік азаматтар көрсетілген көмек үшін алғыс білдіріп, полиция қызметкерлеріне ризашылығын жеткізген, делінген ведомство хабарламасында.


