Қазақстандық жеңіліс білмеген боксшы Мейірім Нұрсұлтанов пен WBC-нің орта салмақтағы уақытша чемпионы Хесус Рамос арасындағы 20 қыркүйекке жоспарланған титулдық жекпе-жек өтпейтін болды. Американдық спортшының жекпе-жек қарсаңында денсаулығы күрт нашарлаған – осы себептен кездесу тоқтатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

BoxingScene ақпаратынша, Рамос тағамнан уланып қалған. Бейсенбі күні кешке боксшы өзін нашар сезініп, Сан-Диегодағы ауруханалардың біріне жеткізілген. Жұма күні таңертең ол ауруханадан шығарылды, алайда Нұрсұлтановпен жекпе-жек өлшеу рәсімінің дәл алдында кардтан алынып тасталды.

Premier Boxing Champions жекпе-жектің басқа күнге ауыстырылатынын растады. Кездесудің жаңа мерзімі әзірге жарияланған жоқ.

Нұрсұлтанов үш жылға жуық уақыттан кейінгі алғашқы жекпе-жегін өткізуі тиіс еді. Қазақстандық боксшы соңғы рет 2023 жылдың қарашасында рингке шығып, төрешілердің бірауыздан шешімімен чилилік Хулио Аламоссты жеңген болатын. Кәсіби рингте 33 жастағы боксшы әлі жеңіліс көрмеген – 20 жеңісі бар, оның 11-і нокаутпен аяқталған.

Рамоспен жекпе-жек Нұрсұлтанов үшін әлемдік титулды жеңіп алудың алғашқы мүмкіндігі болуы тиіс еді. Американдыққа тиесілі WBC-нің орта салмақтағы уақытша чемпион белбеуі сарапқа салынғалы отырған. WBC бұған дейін осы кездесудің жеңімпазы ұйымның толыққанды чемпионы Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізу құқығына ие болатынын растаған.

Рамос ауыстырылған жекпе-жекке 24 жеңіс пен бір жеңіліс рекордымен келе жатыр, 19 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Америкалық WBC-нің уақытша белбеуін 2025 жылдың желтоқсанында Шейн Мозли-кішіні төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп алып еді.