Вьетнамда «Мисс Әлем-2026» байқауы мәресіне жетті. Жеңімпаз атағы Доминикан Республикасының өкілі Джохейри Молаға бұйырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Байқау финалы 5 қыркүйекте Нячанг қаласының орталығында, осы ауқымды шара үшін жасалған ең үлкен сахналардың бірінде өтті. Нәтижесінде 73-ші «Мисс Әлем» атағын Доминикан Республикасының 24 жастағы оқытушысы, журналист әрі қоғам қайраткері Джохейри Мола иеленді. Ол тәжді былтырғы жеңімпаз — Тайланд өкілі Опал Сучата Чуангсриден қабылдап алды.

Айта кетейік, Джохейри Доминикан Республикасына «Мисс Әлем» атағын 44 жылдан кейін алып келді — бұған дейін 1982 жылы Мариасела Альварес жеңімпаз атанған еді. «Мен бақыттан жеті аспандамын, әлі де болып жатқанның бәрін толық сезіне алмай тұрмын. Мен өте бақыттымын және елімнің қазір қалай тойлап жатқанын көргім келеді. Олар бұған лайық! Алдағы күндерді асыға күтемін — мен дайынмын», — деді жаңа «Мисс Әлем».

Байқауда бірінші вице-мисс атағын Испания өкілі Элизабет Рейнес, ал екінші вице-мисс атағын Малайзия өкілі Таанусия Четти иеленді. Жалпы, байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 111 қыз қатысты.

Айта кетейік, «Мисс Әлем-2026» байқауында Қазақстан атынан Бағым Балтабаева сынға түсті. Ол 2024 жылы Miss Qazaqstan атағын иеленген болатын. Алайда ол халықаралық байқау финалында негізгі жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарына ене алмады.