PetroMining қауымдастығы мұнай-газ саласы кәсіпорындарының ұстанымын үкіметке жеткізе алды. Үкімет 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жанар-жағармай материалдарын (ЖЖМ) сатуға қосымша акциздерді енгізбеуге келісті. Бұған дейін мөлшерлемелерді қазіргі 50%-дан 95%-ға дейін көтеру жоспарланған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қолданыстағы нормалар бойынша мұнай-газ саласының субъектілері мұнай өнімдері құнының өсу сомасының 50%-ын төлеуге тиіс. Мысалы, Астанадағы кейбір ірі ЖҚС желілерінде қыркүйекте тамызбен салыстырғанда Аи-92 бензинінің немесе дизель отынының литрі алты теңгеге қымбаттағанын алатын болсақ, осы алты теңгенің үшеуін мемлекет акциз ретінде алып қалды.
Ал үкімет мұнай өнімдері құнының өсу сомасының 95%-ын, яғни шартты түрде баға 100 теңгеге өссе, соның 95 теңгесін алып қоймақ болды. Бұл нарық ойыншылары үшін бағаның өсуінің барлық мәнін жоққа шығарар еді.
«Бұған дейін PetroMining қауымдастығы мұнай өнімдерін көтерме жеткізушілер үшін қосымша акциз мөлшерлемелерін ұлғайту арқылы салық жүктемесінің арту қаупі туралы хабарлаған болатын. Қазіргі 50%-дың орнына алынған маржаның 95%-ын алып қою көзделген. Үкіметтің № 1049 қаулысына енгізілген өзгерістер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіліп, мерзімсіз әрекет етеді… Нәтижесінде премьер-министр осы шараның 2027 жылдың басынан бастап қолданылуын тоқтата тұру туралы шешім қабылдады», – делінген таратылған хабарламада. Онда 95%-дық қосымша акциздерді енгізу қандай мерзімге тоқтатылғаны нақтыланбаған.
Салалық қауымдастық мұнай өнімдерін көтерме жеткізушілерден (МӨКЖ) 95%-ды алып қоя отырып, қосымша акциз мөлшерлемелерін көтеру үкімет жүргізген ЖЖМ бағасын либералдандырудың әсерін іс жүзінде жоққа шығаратынын атап өткен. Бұл егеменді мұнай өндірудің төмендеуі мен МӨКЖ-ға түсетін жоғары әлеуметтік жүктеме аясында орын алып отыр.
PetroMining пікірінше, көтеріңкі мөлшерлеменің (95%) қолданылуы жер қойнауын пайдаланушылардың экономикасына елеулі зиян келтіреді.
Алып қою орта есеппен мынадай болуы мүмкін еді:
2027 жылы: бір тонна мұнайға 22 027 теңге,
2028 жылы: бір тонна мұнайға 39 675 теңге.
Қауымдастықтың мемлекеттік органдармен байланысы барысында үкімет көтеріңкі акциз мөлшерлемелерін қолдану қауіптері туралы толық хабардар етілді.
PetroMining есептеулері мен негіздемелері, сондай-ақ МӨКЖ-ның ұжымдық өтініші мемлекет басшысының және үкіметтің экономикалық блогының назарына жолданды. Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, «ҚазМұнайГазбен», энергетика министрлігімен және БАҚ-пен пысықтау жұмыстары жүргізілді.
Үкімет қабылдаған шешімнің қорытындысы бойынша PetroMining премьер-министр Олжас Бектеновке, «Атамекен» ҰКП-ға, Энергетика министрлігіне және ҚМГ-ға мәселені объективті қарағаны, жедел пысықтағаны және мұнай секторы субъектілеріне қатысты әділ шешім қабылдағаны үшін алғыс білдірді.


