Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Азиада-2026-да алғашқы кедергіден аса алмады: 54 кг салмақ дәрежесінде 1/8 финалда төрешілердің бөлек шешімімен Қытай өкілі Чжао Сюаньға 1:4 есебімен жеңіліп қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жекпе-жек қазақстандық спортшының пайдасына шешілмеді. Бастапқы раунд қытайлық қарсыластың еншісінде қалды — төрешілердің жазбасы бойынша 4:1. Екінші кезеңде Чжао Сюаньның басымдығы мардымсыз болды — 3:2, ал соңғы үш минутты бес төреші де бірауыздан Қытай өкіліне берді.

Қызайбай үшін бұл Азия ойындарындағы екінші өнер көрсетуі: өткен 2022 жылғы Ханчжоу ойындарында ол ширек финал сатысында күресті аяқтаған еді. Сонымен қатар қазақстандық спортшының қоржынында 2024 жылғы Олимпиаданың қола медалі және үш әлем чемпионы атағы бар — ол әлем біріншіліктерінде 2014, 2016 және 2025 жылдары жеңіске жеткен.

Ал Қазақстанның тағы бір өкілі жүлде үшін күресін жалғастыруда. Күні кеше Алуа Балкибекова 51 кг дәрежесінде үндістандық Сакши Чаудхариді ұтып, ширек финалға шықты. Жартылай финалға жолдама үшін ол 28 қыркүйекте жапондық Юна Нишинакамен жекпе-жекке шығады.

Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте ресми түрде ашылды. Жарысқа 45 елдің спортшылары қатысып, 460 медаль жиынтығын сарапқа салуда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасының сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы өнер көрсетуде.