Оралда көп эпизодты алаяқтық ісі бойынша әйелге қатысты айыптау үкімі шықты. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 158 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Орал қалалық соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша бірнеше алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Анықталған мән-жайларға сәйкес, 2024–2025 жылдары сотталушы түрлі банктердің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Ипотекалық несие рәсімдеуге, жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға, автокөлік бизнесіне және жеке кәсіпкерлігіне инвестиция тартуға көмектесемін деп, жоғары пайыздық пайда уәде етіп, жәбірленушілерден ақша алған.

Бастапқы кезеңде табысты қызмет көрінісін жасау үшін сотталушы жаңа қатысушылардың қаражаты есебінен сомаларды пайызымен төлеп отырған, кейін ірі көлемдегі ақшаны иемденіп кеткен. Іс бойынша барлығы 26 қылмыстық эпизод анықталып, шығын көлемі 158 млн теңгеден асқан.

Сот отырысында сотталушы кінәсін толық мойындап, айыптауда баяндалған мән-жайларды растады және өкінетінін мәлімдеді. Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде әйел кәмелетке толмаған баласының тәрбиесінде екенін және денсаулық жағдайын ескеруді сұрады.

Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы 1-бөлігінің негізінде сотталған әйелдің 14 жасқа толмаған баласы болғандықтан, бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 4 жылға кейінге шегерілді.

Бұрын қолданылған қамауға алу бұлтартпау шарасы жойылып, сотталған әйел сот залында қамаудан босатылды. Оның мінез-құлқын бақылау Орал қаласының пробация қызметіне жүктелді.

Жәбірленушілердің көпшілігінің материалдық шығынды өтеу туралы талаптары толық немесе ішінара қанағаттандырылып, жалпы сомасы 100 млн теңгеден асты. Екі жәбірленушінің азаматтық талаптары шығынды толық өз еркімен өтеуіне байланысты қараусыз қалдырылды. Моральдық зиянды өтеу туралы талаптар қанағаттандырылмады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және жарияланған сәттен бастап 15 тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағымдануға болады.