Оралда полицей ашық терезенің алдында тұрған кішкентай баланы байқап, қайғылы оқиғаның алдын алды. Жангир хан көшесіндегі көпқабатты үйдің тұрғындары шамамен 3-4 жастағы баланы көріп, дереу полиция қызметкеріне хабарлады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға орнына «Шаған» полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Убиш Гайсин жедел жетті. Баланы ашық терезенің жанынан көрген полицей оны бірден қауіпсіз жерге алып кетті.

Тексеру барысында баланың анасы өз ісімен үйден шығып кеткені, оны 14 жастағы үлкен ағасының қарауына қалдырғаны анықталды. Үлкен ағасы ұйықтап жатқанда, бала ашық терезенің алдына барып, сыртқа қарап тұрған. Полиция қызметкерінің жылдам әрі дұрыс әрекетінің арқасында баланың өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің алдын алу мүмкін болды.

Оқиғадан кейін баланың ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Оларға балаларды қараусыз қалдыруға болмайтыны және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі түсіндірілді. Полиция барлық ата-аналарды балаларына мұқият болуға және ашық терезелердің қауіп төндіруіне жол бермеуге шақырады.